— Неке жүзігімді тауып алдым. Қайда домалап кеткенін қара, — деді Сара деген әріптесім.
Бәріміз оның нұсқаған жеріне қарадық. Сөйтсек, сақина киім салатын шкафтың есігіне қыстырылып қалыпты.

Сара жүзігін өткенде спорт залға келген кезде жоғалтып алған. Бүгін соны тауып алды.
— «Алтын жоғалмайды» деуші еді. Рас екен, — дедім мен.
— Нельзя терять обручалку, это — плохая примета, — деді Эля.
— Дурацкая примета, Сара, сен бұған сенбейтін шығарсың, — дедім.
Ол: — Жоқ, бұған сенбеймін, тек алақаның қышыса, қолыңа ақша түседі дегенге сенемін, — деп күлді.
Сөйтсем, мен де сол «ырымға» сенеді екем.

Мен жалпы өзімді ырымшыл адамдардың қатарына қоспаймын. Бірақ сонда да көптеген (бәрін емес) ырым-тыйымдарды ұстанамын. Соңынан пайда болғанын емес, бұрыннан ата-бабадан келе жатқан ырым-тыйымдарды айтам. Өйткені бұл ырым-тыйымдардың қалай, неге пайда болғанын түсінемін. (Діни аспектілерін былай қойғанда,таза тұрмыстық себебін).
Мысалы, неге түнде шашыңды жайып жүруге болмайды? Өйткені ол кезде қазіргідей көшелер жарық болмады, түн қараңғы болды. Сондықтан түнде қыздар шашын жайып жүргенде, қарсы алдынан шыққан адам қорқып кетуі мүмкін-ау деп топшылаймын. Әрине, қазір бұл тыйымды ұстаудың мәні болмас.

Шаш демекші, «шашыңды далаға тастама, қара құс алып кетіп, ұя жасаса, басың ауырады» деген ырымды ұстаймын. Рас-өтірігін ойлап жатқым келмейді. Әйтеуір,неге екенiн, шашымды жерге тастағым келмейді. Тастасам, шынында да, жаман болатындай көрінеді. Шаштаразға барған кезде де шашымды жинап аламын. Тараған кезде, қиған кезде теріп жинап алған шаштарым бір пакет болды. «Дүние салған кезде иесімен бірге көму керек» деуші еді үлкендер. Енді оны көре жатармыз.
Айтпақшы, Бибігүл Төлегенова апамыздың осылай шашын тастамайтынын, жинаған шашы бір қоржын болғанын теледидардан көргем. Тура мен сияқты.

Сол сияқты түнде ыдыстардың бетін ашып қоюға болмайды,ыдыстарды төңкеруге болмайды, көршіден ыдыс алсаң, бос қайтаруға болмайды деген ырымдарды да орындаймын. Ішінде тамағы бар ыдысты ашып қоюға болмайтыны — түнде ішіне жәндіктер түсіп кетпесін деген сақтықтан туса керек. Қазір бұл ырымның да аса қажеті жоқ шығар. Қаланың үйінде жәндік қайдан болсын. Тарақанды да көрмегенімізге жүз жыл болды. Бірақ өзім сонда да түнде ыдыстардың бетін ашық қалдырмаймын.
Ал, «біреудің ыдысын бос қайтарма» дегені — «ыдыс бос тұрмасын, бізде болған той сенде де болсын» деген тілектен туған. Бұл ырымды да орындаймыз. Алғашында түсінбей, тіпті ішіне алма, кәмпит салып бергенге ренжіген орыс көршіміз де қазір үйреніп алған. Өзі де бізден ыдыс сұраса, бос қайтармайтын болыпты. 🙂

Тағы бір ерекше жақсы көретін ырымым — түнде құдықтан су алғанда, алдымен кішкене тас тастап, «Су иесі — Сүлеймен, су бер» деп айту. Бала кезімде «тасты мен тастайыншы», «сөзін мен айтайыншы» деп таласатынмын. Мамам (яғни әжем) бұл ырымның мәнісін былай түсіндіретін: «Түнде судың бетінде жындар ұйықтап жатады. Оятса, олар ренжиді. Ал, олар ашуланса — сенің есің адасып кетеді».
Қалалықтарға бұл ырымның қатысы жоқ. Бірақ ауылда құдықтан су тартқанда есте болған жөн. 🙂