ab314bd457db3317abf459d002c639ebЖақында Михаил Дымовтың «Балалар Құдайға хат жазады» деген кітабын оқып шықтым. Ол американдық жазушы Стюарт Хемплидің кітабын, ондағы американдық балалардың Жаратқанға жазған хаттарын оқып, қатты әсер алады. Латвиялық балалар Құдайға не айтатынын білгісі келіп, мектептерге барып, балалармен (1-4 сыныпта оқитын 6-10 жас аралығындағы) тілдесіп, балаларға үш қана сұрақ қояды: «Құдайдан не сұрағың келеді?», «Құдайдан қандай тілек тілейсің?» және «Құдайға не айтқың келеді?».

Осы кітапты оқып отырып, балалардың табиғилығына, пәктігіне, тазалығы мен шынайылығына сондай тәнті болдым. Кейбіреулері балаға тән «ақымақ» сұрақтар қойған. Көпшілігі Құдайды адам сияқты елестетеді екен. Жаратқанға адам сияқты тамақ ішу, ұйықтау, қайғыру, күлу тән, ал оның мекені — аспан деп ойлайды екен.

«Сәлем, Құдай. Жағдайың жақсы ма? Халың қалай? Денсаулығың жақсы ма?» (Женя, 2 кл.)

«Жаратқан, кішкентай кезіңде Сен анаңның айтқанын тыңдадың ба?» (Нина, 2 кл.)

«Кішкентай кезіңде Сен балалармен төбелестің бе, әлде тілалғыш бала болдың ба?» (Костя, 2 кл.)

«Жаңбыр жауғанда не істейсің?» (Люба, 3 кл.)
«Басқа мемлекеттерге де Сен қызмет етесің бе?» (Толик, 3 кл.)
«Жаратқан, сенің жасың нешеде?» (Валя, 2 кл.)

«Сіздің біліміңіз бар ма?» (Зайга, 2 кл.)

«Аспанда қалай тұрып жатсың? Сенде барлығы бар ма? Саған ешнәрсе керек емес пе?» (Зина, 3 кл.)

«Егер аспанда тұрсаң, қалай күн Сені күйдіріп жібермейді?» (Сергей, 4 кл.)

«Желді кім үрлейді?» (Алик, 1 кл.)

«Құдайым, аспан көкпеңбең болып тұрса, демек Сенің көңіл-күйің жақсы деген сөз бе?» (Надя, 3 кл.)

«Құдайым, Сен менің жаңа үйімді білесің бе?» (Ляля, 1 кл.)

«Сенің періштелерің де сабаққа бара ма?» (Вася, 1 кл.)

«Сіз бізді қай жерден көріп тұрасыз?» (Руслан, 2 кл.)

«Әрбір кітапта Сені әртүрлі етіп суреттейді. Суретіңді қайдан алуға болады? Тіпті топан су басқанға дейінгі болса да?» (Рая, 3 кл.)

Ал, енді бір балалар өз жасына сай емес, терең, ауыр сұрақтар қойған. Жалпы, бала деген қоғамның айнасы ғой. Сонымен қатар, отбасындағы болып жатқан жақсылықтың да, жамандықтың да көрсеткіші. Қазақта «балалы үйдің ұрлығы жатпайды» деген сөз бар. Рас сөз. Анам мұғалім болғандықтан, балалардың осы қасиетін жақсы білемін. Анам: «балалар үйінде не болғанын, қандай қонақ келгенін, оны ата-анасының қалай қарсы алғанын, отбасындағы қуаныш пен кикілжіңнің бәрін айтып келеді», — дейді. Осы кітапта балалардың өз отбасындағы қиындықтарға қаншалықты қиналатынын, бала жүрегімен қаншалықты қайғыратынын көресің.

«Чернобыльдің радиациясын ұшырып әкетші». (Оксана, 3 кл.)

«Жерде атыс болып жатыр ғой, Құдайым, Сен естідің бе?» (Валера, 2 кл.)

«Неге әлемде жылылық жоқ?» (Лена, 1 кл.)

«Адамдар қатты қиналып жүр, тозақта одан да жаман ба?» (Радик, 4 кл.)

«Құдай, бұған дейін маған бергенің үшін ризамын. Маған қазір де көмектесші. Менің әкемді жазықсыз түрмеге жапты, 8 ай болды. Мен оны күтіп жүрмін. Егер мүмкіндігім болса, оны босатып алар едім. Қатты-қатты сұраймын, маған көмектесші. Бұл — менің ең басты тілегім. Бұдан кейін Сенің мазаңды алмаймын, ештеңе сұрамаймын. Тіпті өлім аузында жатқанда да.» (Ира, 4 кл.)

«Менің ата-анамның қашан татуласатынын білесіз бе?» (Катя, 2 кл.)

«Әкем мен анамды татуластыршы. Құдайым, көмектесші, мен темекі шегуді қоямын». (Юра, 3 кл.)

«Менің туған күнім жылына бір рет емес, бес рет болса екен. Сыйлық үшін емес. Мен тек әкемді жиі көріп тұрар едім.» (Нина, 2 кл.)

«Әкем қайтып оралғанын қатты қалаймын. Ол айғайламаса екен, ешкіммен ұрыспасын. Егер айғайлайтын болса, мылқау қылып таста. Мылқау болғаны әлдеқайда жақсы.» (Рустам, 4 кл.)

«Менің қолымнан сүйреп, анам әкемді тастап, біржола кеткен кездегі әкемнің жанарын ешқашан ұмытпайтын шығармын. Құдайым, көз жасының салмағы қандай?» (Андрей, 4 кл.)

«Менің әкемнің қайда екенін білесіз бе?» (Диана, 2 кл.)

«Анам кетіп қалғаннан кейін әкем екеуімізге әйел адамның мейірімі жетіспей жүр». (Веня, 2 кл.)

«Менің ата-анама ақыл берші, әйтпесе олар мені мүлдем түсінбейді» (Надя, 3 кл.)

«Әкем үйге келген кезде неге үйдің іші сондай көңілсіз болып кетеді?»  (Артем, 3 кл.)

«Анам мені ұрмауы үшін не істесем екен?» (Леня, 2 кл.)

«Сыныптағылар мені қорлауды қашан қояды?» (Тоня, 4 кл.)

«Күнді қайта жылытшы, әйтпесе үйде жылуды сөндіріп тастады, әжем тоңып жүр» (Рая, 3 кл.)

Кішкентай кезімде мен өлімнен қатты қорқатынмын. Қатты қорыққаным соншалық, тіпті ұйықтап жатып өліп қаламын деп ойлап, түндер бойы көз ілмей шығатынмын. Тек таң ата шаршап көзім ілініп кететін. Білмеймін неге екенін, бала кезде өлімнің қорқынышы қатты еді. Бірақ солай бола тұра, есейе келе басқа балалар өлім туралы ойламайтын шығар деген ой санама сіңіп қалыпты. Бәлкім, бала кезде өзге балалармен өлім туралы сөйлеспеген шығармын. Кейде үлкендер балалар өзі туралы, өзінің қайдан келіп, қайда баратыны туралы мүлдем ойламайды деп санайды. Расында, балаларды «мен өмірге қайдан келдім?», «не үшін өмір сүремін?», «ертең өлгенде қайда барамын?» деген сұрақтар жиі мазалайды. Олар өмір туралы, өлім туралы көп ойлайды. Тіпті үлкендерден де көп ойлайтын сияқты. Оны осы кітаптан да байқадым.

«Жарайды, мені ата-анама аққұтан (аист) әкелді делік, ал оған бізді кім жасап берді?» (Олег, 3 кл.)

«Саған дейін адамдар маймыл болды ма?» (Сергей, 4 кл.)

«Зиратқа барған кезде бір құлпытас қатты әсер етті. Үлкен қара тас, оған бір ғана сөз жазыпты: «Мама». Тек қана сол». (Ваня, 4 кл.)

«Оқимыз, оқимыз, бірақ бәрібір өліп қалатын болсақ, сонша қиналудың не керегі бар? Біліміміз керек болмай қалады ғой». (Федя, 4 кл.)

«Біз не үшін өмір сүреміз?» (Алла, 2 кл.)

«Мен өмірге келмей тұрып, өмір сүретінімді білдім бе?»  (Леня, 4 кл.)

«Мен жоқ болған кезде өз-өзімді көре алам ба?» ( Толик, 2 кл.)

«Мен кіммін?» (Боря, 1 кл.)

«Мен не үшін керекпін?» (Олег, 2 кл.)

«Адам не үшін керек?» (Алик, 3 кл.)

«Адам деген не?» (Олег, 4 кл.)

«Неге біз қартаямыз?» (Шурик, 3 кл.)

«Ертең таң атпай қалу мүмкін екені қандай қорқынышты.» (Лева, 1 кл.)

«Мен күн сайын кешегі күнмен қоштасамын. Өйткені ол менен мәңгіге кетті ғой». (Аркадий, 3 кл.)

«Мен әрбір секунд сайын өліп жатырмын ғой». (Паша, 1 кл.)

«Неғұрлым ұзақ өмір сүрген сайын, соғұрлым өлімге жақындай бересің». (Радик, 1 кл.)

«Мен өлмей-ақ қояйыншы, а?» (Юля, 1 кл.)

Сосын балалардың жазғанын оқып отырып, тағы бір байқағаным, олар күнә туралы көп жазыпты. Сірә, үлкендердің әсері шығар, үлкендердің «анау — күнә, мынау — күнә» деп айта беретінінен болса керек. Бірақ балиғат жасына толмаған балада қандай күнә бар? Жалпы, күнә деген не? Мен жақсы дегеннің не екенін, жаман дегеннің не екенін түсінемін. Бірақ күнә дегеннің нақты мағынасын біреуге түсіндіре алмайды екенмін. Күнә дегенің — біреуге жасаған жамандығың, қиянатың ғой? Солай ма? Онда «анау — күнә, мынау — күнә»дегеннен гөрі, «біреуге жамандық жасама», «біреудің ала жібін аттама» деп қарапайым тілмен айтпасқа?


0875ee32cc53713f16e22b1e730ec90f«Мен жақсы баламын ба, жаман баламын ба?» (Гоша, 2 кл.)

«Неге мен жаман қылық жасай беремін? Сен мені сынап жатсың ба?» (Паша, 3 кл.)

«Менің күнәларымды кешірші». (Толик, 3 кл.)

«Мен сені ұятқа қалдырып жүрмін бе?» (Вова, 4 кл.)

«Барлық күнәларым үшін мені кешірші, білемін, мен көп күнә жасадым, бірақ мен Сенің бар екеніңді білмедім ғой». (Шурик, 2 кл.)

«Күнәларымды кешірші, бәріміз күнәһармыз». (Ольга, 4 кл.)

«Мен өлгенде жұмаққа да, тозаққа да барғым келмейді. Менің Саған барғым келеді». (Вера, 3 кл.)

Бәлкім, менің ойым теріс шығар. Бірақ мен үлкендердің «Бір Құдай кешіреді» деген пікірін де сонша түсінбеймін. Қалай сонда? Сен біреуге қиянат жасайсың, бірақ кешірімді Құдайдан сұрайсың ба? Ренжіткен адамыңнан, қиянат жасаған кісіңнен барып неге кешірім сұрамасқа, неге зиянның орнын толтырмасқа?! Өйтпейміз. Өйткені бізді тәкаппарлығымыз жібермейді. Одан да кешірімді Құдайдан сұрай салу «оңайырақ». Дәл сол сияқты «Құдай өзі кешірсін» дегеннің артында да адамның арамдығы тұратындай. Осылай деп алып, біреуге жамандық жасау үшін өз-өзімізге жол ашатын сияқтымыз. Маған кейде солай көрінеді. Анығын Алла біледі.

Сосын Құдай туралы айтқанда, неге ылғи жаза туралы айта береміз. Неге тозақпен ғана қорқыта береміз? Құдай — жазалаушы орган ба? Бірақ «бисмиллаһир рахманир рахим» деген сөздің өзі «Мейірімді де рахымды Алланың атымен бастаймын» дегенді білдірмей ме? Демек, Құдай, ең бірінші, жазалаушы емес, кешіруші болғаны ғой? Мына екі баланың жазғаны қандай әсерлі:

«Адамдар сені жақсы көрмесе, тек қорықса ше?» (Руслан, 2 кл)

«Саған сенгендердің арасында шын сенушілер нешеу?» (Зоя, 4 кл.)

 

P.S. Бұл пост — Құдайға күпірлік келтіру емес. 

P.P.S. Суреттер nationmagazine.ru сайтынан алынды.